Басы » Басы » Білім » ҰБТ-да өзгеріс болмайды
ҰБТ-да өзгеріс болмайды
Автор: Акимат
18-04-2014 06:15
ҰБТ-да өзгеріс болмайды

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қашан және қалай өтеді? Түлектердің түн ұйқысын төрт бөлген сынақтарын тапсыруларында қандай да бір өзгерістер болады ма? Міне, ҰБТ және білім саласына қатысты өзге де сауалдарға Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлжан Алтынбекова, орынбасары Наталья Фесенко және тәрбие жөніндегі сектордың меңгерушісі Сәуле Дүйсенбекова Семей ақпарат орталығында  арнайы өткен баспасөз мәслихатының барысында жауап берді.

Алдымен Гүлжан Қайырханқызы биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қалай, қашан және қай жерде өтетіні жайлы айтып өтті.

- Айтарлықтай өзгеріс жоқ. Барлығы бұрынғысынша болады. Тек жалғыз ерекшелік, ұлттық бірыңғай тестілеу екі жерде емес, бірақ жерде өтеді. Ол, Әріп Тәңірбергенов көшесінің бойындағы Семей қаласының  Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ғимараты. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге ниет білдіргендердің санына келсек, алдын-ала мәліметке сәйкес, қала бойынша болашақта мектеп бітіретін  1935 түлектің 70 пайызы осы сынаққа қатысуға өтініш берген. Айта кететін бір жайт, биыл мектеп бітірушілердің саны былтырғымен салыстырғанда 100 балаға кем. Құжаттарды қабылдау 10-шы сәуірден басталды және осы айдың 25-іне дейін жалғасады. Жалпы Ұлттық бірыңғай тестілеу маусым айының  1-і мен 15-сі аралығында 4 ағымда өтеді, - деді білім бөлімінің басшысы. Сондай-ақ, Гүлжан Алтынбекова сынақ нәтижелеріне сәйкес, гранттар тағайындау шілденің 23-і мен 31-і арасында жүзеге асатынын айтты. Биыл “Алтын белгіге” үміткерлердің саны 36 болса, “Үздік аттестатқа” тәмамдайды  дегендер 22-і екен. Білім бөлімі басшысының айтуынша, бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда сәл төмендеу көрінеді. Яғни, 2013 жылы  “Алтын белгіге” жалпы үміткерлердің саны 39-ға жетсе,  “Үздік аттестат” алам дегендер 24 болған. Алайда, Гүлжан Қайырханқызы алдын-ала тексеру сынақтарының нәтижесі оқушылардың жалпы білім деңгейінің артқандығын көрсететінін атап өтті.    

Жиын барысында Наталья Фесенко бесінші пән ретінде оқушылардың басым бөлігі география, физика және биологияны таңдап жатқандығын айтты. Бұл да алдын-ала сынақтардың нәтижесі бойынша жасалып отырған қорытынды. Сондай-ақ, ол Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық аясында ата-аналар үшін арнайы консультативтік шаралардың ұйымдастырылғанын айтты.

Баспасөз мәслихатында көтерілген тағы бір мәселе қала мектептеріндегі орындардың жетіспеушілігіне қатысты болды. Бұған байланысты Гүлжан Қайырханқызы мынадай жауап берді:

- Орын аздығы 19-шы, 22-ші, 39-шы мектептерде байқалып отыр. Әсіресе, Юность кентінде орналасқан 19-шы мектепте  тұрғылықты халық санының көбеюіне байланысты оқушылардың да саны артып отыр. Сондай-ақ, Степной кентіндегі мектептің жоқтығы қиындық тудырып тұр. Біз, Білім және ғылым министрлігі мен Өңірлік даму министрлігіне арнайы ұсыныстар жасадық. Сондықтан бұл мәселелер бір-екі жылда шешімін табады деген үміттеміз. Нақтырақ айтқанда, Степной және Бобровка кенттерінде жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Юность кентінде салалық мектеп салынады деп жоспарлап отырмыз.

Оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне келгенде Гүлжан Қайырханқызы қаламыз бойынша көрсеткіш 100 пайызға жуық екенін атап өтті. Демек, уақытында шешімін тапқан азын-аулақ қана түйткілдерді айтпағанда бұл бағыттағы жұмыс дұрыс жолға қойылған. Әрі оқулықтардың сапасы министрліктің тарапынан қатаң тексеруден өткізіліп, мектептердегі оқулықтар қоры жыл сайын жаңартылып отыратын көрінеді.  

Білім беру саласындағы тағы бір маңызды мәселе балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру болып табылады. Бұл орайда тәрбие жөніндегі сектордың меңгерушісі Сәуле Дүйсенбекова биыл да қала сыртындағы «Түрксібке 50 жыл», «Жас қанат» және «Радуга» атты үш лагерьдің жұмысы жалғасын табатынын айтып өтті. Оларда 2500-дей оқушы жазғы демалысын өткізеді деп жоспарланып отырған көрінеді.

- Былтыр осы үш лагерьде демалған аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың саны 645 шамасында болатын. Биыл да  сол деңгейді сақтап қаламыз деген үміттеміз. Сондай-ақ, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қаламыздың 68 мектебінің жанындағы лагерьлер мен Жастар сарайында балалар алаңқайы жұмыс істейтін болады. Биологиялық орталықта құрылған экологиялық лагерь 800-ге тарта оқушының әртүрлі шараларға қатысуын қамтамасыз етеді деп жоспарлап отырмыз, - деді Сәуле Дүйсенбекова.

Тағы бір сұрақ түлектердің мектеп бітірулеріне байланысты ұйымдастырылатын салтанатты кештерге қатысты болды. Бұл орайда Гүлжан Қайырханқызы мұндай шараларды мейрамханаларда ұйымдастыруға тыйым салынатынын қадап айтты.

Мирас ҚҰСАЙЫН, “Семей таңы”

Суретті түсірген Дархан АХМЕТОВ