Басы » Басы » Мәдениет » «Қазақстан наны» фестивалі - қонақжайлық мерекесі
«Қазақстан наны» фестивалі - қонақжайлық мерекесі
Автор: Акимат
18-04-2014 08:01
«Қазақстан наны» фестивалі - қонақжайлық мерекесі

Семейде жергілікті этномәдени бірлестіктер өкілдерінің басын қосқан «Қазақстан наны» атты ерекше фестиваль өтті. Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХХІ сессиясына орай қалалық Достық үйінде ұйымдастырылған шараға шаһардағы 16 ұлттың мәдени орталығы қатысты.

Бүгінгі күні Семей өңірінде 80 ұлттың өкілі тату өмір сүріп жатыр. Бұл жолғы мәдени шараға  солардың ең белсенділері қатысты. Қалалық  Достық үйінің директоры Шолпан Балғозинаның айтуынша, фестивальді ұйымдастырудағы мақсат – Қазақстанды мекен етуші ұлттар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайту. Сонымен қатар, әр ұлттың ұлттық тағамдарын насихаттау,  мәдениетімен жақын танысу. Сондай-ақ, бұрынғы жылдары жиі өткізілетін дәстүрлі “Нан”  фестивалін жаңғырту екен.

Іргелі шараның беташарын қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Смаилова алғысөзбен ашты. Қасиетті Семей жеріндегі сан ұлттың өкілдері ішкі тұрақтылық пен тұтастықты қолдай отырып, ауызбіршілікте өмір сүріп жатқанын айтып өткен Ғ. Жақыпқызы аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Қатысушылардың барлығына да ақ жол тілеп, фестивальге қатысқандары үшін алғыс білдірді.

Ұлттар татулығының айқын көрінісі саналатын байқауға әрбір этномәдени бірлестік жоғары   даярлықпен келіпті. Сайыстың бірінші кезеңі  бойынша ұлттық орталықтар өздерінің наннан әзірленген тағамдарының көрмесін ұйымдастырды. Ал келесі кезекте, орталық мүшелері сол ұлттық ас түрлерін әнмен, салт-дәстүр көріністерімен, өлеңмен  таныстырды. Ал байқау соңынан ұлттық орталық өкілдері  өнерлерін ортаға салды.

Дастархан мәдениеті бойынша татар мен корей этномәдени бірлестіктеріне ешкім жетпеді. Бұл күні олар даярлаған дастарханнан ас атасының түр-түрі орын алды. Ал ән мен биден орыс,  неміс ұлтының өкілдері белсенділік танытты.

- Фестивальдің «Қазақстан наны» аталуының өзі зор мағына береді. Себебі, ас атасы нанның барлық ұлттардың түсінігінде ынтымақтың, қонақжайлық пен молшылықтың символы. Біз бүгінгі байқауға мыңдаған ғасырлар бойғы тарихы бар, Мұса Пайғамбар дәуірінен бастау алатын манна мен маца тағамын әкеліп отырмыз, - дейді Семейдегі Еврей мәдени орталығының мүшесі Илья. Аталмыш шараға көрімдік ретінде Еуразиялық еврей қоры маца қытырлақ нандарын жолдап жіберіпті.

Ал, корей қызы Ольга балық пен көкөніс түрлерінен әзірленген ұлттық тағамдарын әзірлеп әкелгендіктерін айтады. Оның ішінде нан өнімдерімен қатар корей ұлтының дәстүрлі салаттары мен салқын тағамдарының бірнеше түрлері де орын алыпты.

Достық үйіндегі осы шараға кездейсоқ келгендер де дәм ауыз тиіп жатты. Әрқайсысына учпучмак, қалаш, шелпек пен бауырсақ үлестірілді.

- Әр түрлі ұлтпен көрші тұрамыз. Біріміздің тағамдарымыздан біріміз дәм татып, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған фестивальден де көп нәрсе түюге болады екен, - дейді Татар мәдени орталығының өкілі Гүлфия Бапанова.

Фестивальдің соңы әуелете салған ән мен ұлттық нақыштағы билерге ұласты.

Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ, «Семей таңы»