Басы » Басы » Жаңалықтар » Тұрғын үй алуда жаңа тиімділіктер бар
Тұрғын үй алуда жаңа тиімділіктер бар
Автор: Акимат
18-04-2014 09:24
Тұрғын үй алуда жаңа тиімділіктер бар

Апта басында қалалық әкімдіктің үлкен залында мемлекеттік қызметшілердің басын қосқан аппараттық сабақ болып өтті. Танымдық тұрғыдан берері мол бұл жолғы дәріс өңірдегі тұрғын үй құрылысы саласына, анығырақ айтқанда «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының жүргізілу барысы және оның аясындағы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қаламыздағы филиалы қызметі жайында баяндалды.

Аппараттық сабаққа қала әкімінің орынбасары Жағыпарбек Елубаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Бейсенбек Ақжалов, қала әкімі аппаратының жетекшісі Шаған Жұмақсанов  қатысты.

Алғашқы болып баяндама жасаған қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімінің басшысы Нұржан Жапбаров болды. Өз сөзінде Нұржан Ермаханұлы мемлекеттік бағдарламаның қаламызда жүргізілу барысы жөнінде кең көлемде ақпараттандырып өтті. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама аясында баспана алу құқығына ие адамдар тобы жайлы да  түсіндірді. Құжаттарды қабылдау жергілікті атқарушы биліктің қатысуымен жүргізілетінін, бұл бағыт бойынша, әсіресе, жас отбасыларды баспанамен қамту ісі алдыңғы кезекке қойылғандығына тоқталды.

Ал, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қызметіне ағымдағы жылдың сәуір айында біршама өзгерістер енгізілген. Бұл жайында қаламыздағы аталмыш банк филиалының директоры Қайрат Есболатов жан-жақты ақпарат берді:

- Бүгінгі жиынға шақырғандарыңыз үшін өте қуаныштымын. Себебі, бұл өте маңызды да күн талабындағы өзекті тақырып болып табылады. Мемлекеттік «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының жүзеге аса бастағанына біраз уақыт өтті. Осы аралықта Семей қаласында атқарылған жұмыстарды жүйелеп, алдағы уақыттардағы атқарылар шараларды межелеп алу дұрыс. Қаламызда аталмыш бағдарлама аясында жаңа пәтерлер тұрғындар игілігіне берілген. Оның бірі - қала орталығындағы Аймауытов көшесінде, енді бірі - Энергетик кентінде салынған тұрғын үй. Қазіргі кезеңде соңғы үйден баспана алу үшін қалалықтар құжаттарын рәсімдеу үстінде. Дегенмен бұл бағыт бойынша әлі де біршама қиындықтар бар. Айта кетерлігі сол, салынған тұрғын  үйлердің, пәтерлердің сапа деңгейі өте жақсы. Мәселен, бір бөлмелі пәтердің жалпы көлемі - 56 шаршы метр. Алайда, 2-ші сәуірден бастап республика көлемінде тұрғын үй құны көтеріліп отыр. Егер де біздің қаламыз бойынша 1 шаршы метрдің бағасы 100 мың теңгеге дейін көтерілетін болса, онда бір бөлмелі пәтердің бағасы бес миллион алты жүз мың теңгеден асады деген сөз. Ал, Семейдегі орташа жалақының көлемі 81 мың теңгені құрайды екен. Яғни, сатып алушы тұрғындарға қиын тиюі мүмкін деген сөз. Бұл мемлекеттік бағдарлама болғандықтан біз өз салымшыларымыз арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бір мысал келтірейін, тұрақты жұмысы жоқ бір жас жігіт  Аймауытов көшесінің бойында салынған үйден бір бөлмелі пәтер алды. Салымшымыз өз қаражатын 6 жыл бойы жинаған, бір жыл күткен. Мұны айтып отырғаным, алдына шындап мақсат қойғандар оған сөзсіз қол жеткізе алады. Бұл бағытта қала тұрғындарына сабырлылық жетіспей жатады. Көпшілік азаматтар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-нан арнайы есеп ашқанымен, қомақты соманы жинаған шақта бар қаражатын кері қайтарып алып жатады, - деп тоқталып өтті Қайрат Атамбекұлы. 

Қ. Есболатов сонымен қатар аталмыш банк саласындағы ағымдағы жылы орын алған өзгерістер жайына да тоқталды. Егер азаматтың келісілген несиеге төлем қабілеті жетпесе, онда пәтерді 8 жылға дейін жалға алуына болады. Яғни, тиісті құжаттары рәсімделіп, өткізілер болса, осы мезгілде пәтерді жалға алу құнын төлеп тұра береді. Осы кезеңде банкте қосымша қаржы жинайды. Бұл аралықта ешқандай пайыз төленбейді. Тек 8 жыл біткеннен кейін ғана, баспана үшін төленуі тиіс қаражаттың қалған жартысына 15 жылға 4 пайызбен несие алады. Тек осыдан кейін ғана пәтер меншікке айналады.

Банк филиалының басшысы сонымен қатар баспана салудың қиындықтарына да тоқталды. Мысалы, өңірдегі тұрғын үй құрылысын іске асырудағы басты кедергілердің бірі - бұл мақсатта қолдануға болатын жер телімдерінің аздығы екендігін де айтып өтті. Жиын барысында бұл тақырыптағы мәселе кеңінен сөз болды. Қала әкімінің орынбасары Жағыпарбек Елубаев алдағы уақыттарда аталмыш банк басшылығымен бірлесе отырып, жұмыстар жүргізудің маңыздылығын айтып өтті.

Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ, «Семей таңы»